Ақтөбеде «Harmony Rider Technology» деп аталатын қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға сот үкімі шықты. Бір топ азамат өзін электросамокаттарды жалға берумен айналысатын америкалық компания ретінде таныстырып, салымшыларға күн сайын 12-ден 690 АҚШ долларына дейін табыс табуды уәде еткен. Тіпті жаңа инвестор тартқандарға криптовалюта түрінде бонус ұсынылған. Алайда іс жүзінде ешқандай бизнес болмаған. Төлемдер тек жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген. Күдіктілер адамдарды әлеуметтік желілер арқылы тартып, кездесулер өткізген. Салым көлемі 350-ден 20 мың долларға дейін жеткен. Қаражат кейін криптоәмияндар арқылы айналымға шығарылып, банк шоттарына аударылған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
-Заңсыз әрекеттер нәтижесінде қаржы пирамидасына 115 салымшыдан жалпы сомасы 197 млн теңгеден астам қаражат тартылған. Осы қаражатқа ұйымдастырушылар 3 автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген. Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот шешімімен 3 автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.