Былтыр 53 қаржы пирамидасына қатысты 141 қылмыстық іс тіркелген. Оларға 112 мыңнан астам адам қаржы салды. Келтірілген шығын 33 миллиард теңгеге жуықтайды. Алаяқтар көбіне тұрғын үй немесе жеңіл несие беру уәдесімен азаматтарды кооперативтер арқылы тартады. Сондықтан қаржы пирамидасы мен кооперативтің ара-жігін ажырату маңызды. Бұл мәселе Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде талқыланды. Депутаттар нақты жұмыс істейтін кооперативтердің тізілімін құрып, күмәнді ұйымдарға бақылауды күшейту қажет деп санайды. Әрі қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға жазаны қатаңдату қажет деген ұсыныс білдірді.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бірінші заңдағы олқылықтарды толтыруымыз керек. Және заңда осы қаржы пирамидаларын құрған азаматтарға жауапкершілігін арттыруымыз керек. Оған қатаң жаза қолдануымыз керек. Ол бірінші. Және соған мүмкіндік туғызған азаматтарды жауапқа тарту мәселесін қарастыруымыз керек. Екінші жағдай ол өзіміздің азаматтарымыздың сауаттылығын арттыруымыз керек. Қаржылық пирамидаға түсіп қалмау үшін.