Қарағанды облысындағы автобус апаты: 7 адам ем қабылдап жатыр

  • 8
  • 06.04.2026, 21:34

Қарағанды облысында вахталық автобус апатынан зардап шеккендердің басым бөлігі үйіне жіберілген. Қазіргі уақытта стационарда жеті адам ем қабылдап жатыр. Науқастардың жағдайы орташа ауыр, оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген. Еске салайық, жол-көлік оқиғасы кеше Қарқаралы ауданы Бесоба ауылынан 15 шақырым жерде болған. Ішінде 50 жұмысшысы бар вахталық автобус аударылып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар, медицина және полиция қызметкерлері жұмылдырылып, зардап шеккендер Қарағанды қаласы мен Ботақара кентіндегі ауруханаларға жеткізілген.

Дарын Дарыбаев, Х. Ж. Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың травматология қызметі бойынша ахуалдық орталық басшысының міндетін атқарушы:

-Қазіргі таңда 44 науқас амбулаторлық емге жіберілді. 7 науқас бөлімшелерге жатқызылды. Әртүрлі дене жарақаттарымен. Оның ішінде бас-ми шайқалуы, қолдың сынуы, барлық науқастардың жағдайлары орташа ауыр дәрежелі. Жоғары квалификациялық көмек алынды.