Қостанайда 2,5 миллиард теңге субсидия қаржысын қолды қылғандарға сот үкім шығарды. Осы жемқорлық іске қатысы бар деген 30 адам сотталды. Тергеу мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсанынан 2023 жылдың маусымына дейін ұйымдасқан топ ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінген қаржыны жүйелі түрде жымқырып келген. Әсіресе Қостанайдағы ет өңдеу комбинаты басшылығы әбден әккіленіп алған. Олар жалған құжат жасау арқылы 1,1 миллиард теңгеден астам инвестициялық субсидияны қолды қылған. Тексеріс барысында жеке шаруалар да жоқ малға демеуқаржы алғандары анықталды. Ал енді ветеринарлар жоқты бардай, барды дардай қылып, қолдан құжат жасап беріп отырған.
Ләззат Байғожин, Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы:
-Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал кейбір сотталушылар бір жылдан 10 жылға дейінгі аралығында бас бостандықтарынан айырылды. Рақымшылық қолданғаннан кейін кейбір сотталушылардың жазасы 1 жылдан 4 жылға дейінгі қысқартылып, шартты түрде тағайындалды.