МӘМС қаражатын заңсыз иеленгендер әшкереленді

  • 8
  • 15.04.2026, 21:42

Түркістан облысының прокуратурасы мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарды тексеру барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын заңсыз жымқыру фактілерін анықтады.

Сондай-ақ консультациялық-диагностикалық қызметтерді лицензиясыз көрсеткенін әшкереледі. Кейбір жекеменшік клиникалар рұқсат құжаттарынсыз «офтальмолог», «гастроэнтеролог», «аллерголог», «уролог», «психиатр», «гематолог», «генетик», «хирург», «кардиолог» мамандардың атынан 28 мыңнан астам консультациялық қызмет көрсетіп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған.

Қылмыстық Кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Тергеу нәтижесінде келтірілген шығын толық өтелді. Сонымен қатар 203 млн теңге көлемінде стоматологиялық қызметтерді жалған көрсету фактілері анықталды. Екі аффилирленген клиника өздеріне үш дәрігерді формалды түрде рәсімдеп, электрондық төлем жүйесіне жүкті әйелдер мен балаларға қызмет көрсетілгендей етіп 40 мың жалған стоматологиялық құжат енгізген.

Алмаз Сағындықов, облыс прокурорының аға көмекшісі: 

- Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде әртүрлі клиникаларда бір мезгілде ондаған пациентке «қызмет көрсеткені» тіркелген. Қарсы тексерулер мен пациенттерден алынған жауаптар мұндай деректердің жалған екенін растады. Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық Кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, материалдар сотқа жолданды.