Павлодардағы әскери бөлімшелердің бірінде келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметші қаза тапты. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол өзіне бекітілген қарудан оқ атқан. Соның салдарынан өзі оқиға орнында қаза тапты. Тағы бір келісімшарттағы әскери қызметші жарақат алды.
Қазіргі уақытта 2001 жылы туған сарбаз Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Барлық қажетті емдеу шаралары жүргізілуде. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Шұғыла Тұрлыбек, ҚР ІІМ баспасөз хатшысы:
- Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән жайы анықталуда. Зардап шеккен азаматқа қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Тергеу барысы ІІМ Әскери тергеу департаментінің бақылауында.Тексерілмеген ақпаратты таратпауды сұраймыз.