Соңғы үш айда ел аумағында 1 мың 470 өрт оқиғасы болып, салдарынан 96 адам қаза тапты. Оның он алтысы – бала. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі тұрғын үй секторында орын алған. Өрт маусымы басталғалы орман қоры аумағында 40 өрт, ал далалық жерде құрғақ шөптің жануы бойынша 200-ге жуық факт тіркелген. Құзырлы министрліктер тілсіз жаумен күресті күшейту үшін кешенді шараларды қолға алған. Қауіпті ерте анықтау үшін бейнебақылау мен ғарыштық мониторинг тәулік бойы жүргізілуде. Республика бойынша 167 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. Жедел әрекет етуге 50 мыңнан астам маман және 11 мың техника әзірленген.
Асқар Төлешев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:
- Көкшетау қаласында біздің академиямыз бар. Өрт маусымының басталуына байланысты сол академиядан 360 орман өрт сөндіру бөлімдерінің басшысы оқудан өтті. Одан да басқа Қостанай облысында мамыр айында республикалық жаттығу жоспарланып отыр. Көрші Ресей Федерациясынан мамандарды шақырамыз.
Қар құрсауынан 7 адам құтқарылды
Айта кетейік, Қарағанды өңіріне қар жауып, жолдағы қозғалысқа кері әсерін тигізді. Құтқарушылар Теміртау маңында қар құрсауында қалған жолаушыларды құтқарды. «Астана – Қарағанды – Алматы» тасжолының 232-ші шақырымында жеңіл көлік жолдан шығып кетіп, кюветке түскен. Көлікте жеті адам болған. Оның төртеуі - бала. Абырой болғанда, мамандар көмек жетті. Зардап шеккендер жоқ.