Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті 93 миллион теңге заңсыз пайда тапқан ломбард қызметіне қатысты тергеуді аяқтады. Күдікті 2020–2025 жылдар аралығында лицензиясыз тұрмыстық техника кепілімен қарыз беріп, тәулігіне 3,7 пайызға дейін өсім белгілеген. Бұл заңда рұқсат етілген шектен 12 есе жоғары. Сот санкциясымен оның үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Күдіктіге елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Мәселен, бір зейнеткер 57 000 теңге көлемінде 10 күнге қарыз рәсімдеп, комиссия шарты бойынша 51 400 теңге сыйақы төлеуге мәжбүр болған. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді. Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясының бар-жоғын міндетті түрде тексеруді ұсынады.