Маңғыстауда нөсер жауын салдарынан ірі қара зардап шекті

  • 15
  • 20.04.2026, 21:38

Маңғыстау облысында нөсер жауын жауып, жайылымдық алқап сор балшыққа айналды. Табиғаттың тосын мінезінен ірі қара зардап шекті. Тұрғындар Сайөтес ауылы мен №7-ші теміржол бекеті арасында батпаққа батып өлген жылқыларды ғаламторға жариялаған. Оқыс жағдай бойынша жедел штаб құрылып, шығынға ұшыраған мал саны анықталып жатыр.

Күшті дауылдан Сайөтес пен Ақшымырау елді мекенінде бірнеше ғимараттың шатыры қирап, жер үйлердің ауласына су кірген. Қазір Маңғыстау ауданында жағдай тұрақты. Мамандар жаңбыр суын сору, бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын күшейтілген жұмыс кестесі бойынша атқаруда.

Талғат Қылаңов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары:

- Арнайы комиссия құрылып, малдарды түгендеу және оларды жою бағытында жұмыстар ұйымдастырылып жатыр. Енді бұл жерде малдың нақты санын айту мүмкін емес. Себебі жердің, техниканың жүруіне қолайсыздығына байланысты тұрғындар өздері шығып, қазір малдарын түгендей алмай жатыр. Соған біздер өндірістерден жол талғамайтын көліктерді алып беріп, көмектесіп жатырмыз.

Айта кету керек, алдағы күндері еліміздің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, кей жерлерде бұршақ түсуі мүмкін. Синоптиктердің мәліметінше, Мәскеу маңынан жылжыған циклон мен атмосфералық фронттар республика аумағында тұрақсыз ауа райын қалыптастырады. Көп өңірде жаңбыр жауып, жел күшейеді. Түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі ықтимал. Күндіз ауа температурасы батыста 7-17, солтүстікте 13-20, орталықта 15-23, ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста 15-20 градус жылы болады.