Атырау облысында 800 киіктің өлексесі табылды

  • 13
  • 20.04.2026, 21:38

Құрманғазы ауданының Азғыр өңірінде киік қырылып жатыр. Осыдан 10 күн бұрын тұрғындар жазық далада жайрап жатқан 600-ге тарта киік өлексесін тауып, дабыл қаққан болатын.

Шаруалар: «Ақбөкендердің өліміне кененің көбеюі себеп болуы мүмкін, енді зиянкес жәндік төрт түлікке жабысса, шығынға ұшыраймыз ба», - деп алаңдаулы. Алайда мамандар ақбөкендердің қырылуына кене емес, былтыр туған лақтардың қыстан арып шығуынан және күзгі шағылыстан кейін әлсіреген текелердің табиғи күйімен байланыстырады. Инспекторлар жүргізген мониторинг нәтижесінде облыс аумағында шамамен 15 мыңға жуық киік шоғырланғаны анықталған. Күні бүгінге дейін 800-ден астам өлексе жиналып, жойылды. 

Әлім Тәменов, ауыл тұрғыны:

- Киік деген жайрап жатыр. Қорада өзімізге кене шабады. Шешініп, жуынып кіреміз. Теке қырылып қалды ғой енді. Қыс қатты болды. Мал да қырылды, жылқы да қырылды. Үлкендердің айтуынша, 1985 жылдан бері болмаған қыс екен. Мүмкіндік жоқ қолымызда.

Алмаз Тапалов, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалы басшысының орынбасары: 

- Биыл жыл қатты болды, өзіңіз білесіз. Көп киігіміз «Волга» өзенімен Астрахань облысына өтті. Сол себепті Атырау облысында факт көп тіркеліп жатыр. 13 сәуір күні соңғы 623 бас. Бүгінгі таңда жою, жинау жұмыстары жүріп жатыр.