Таразда Ұлыбританияға барып, табыс табамыз деген тұрғындар жер сипап қалды. Бір жыл бұрын 10 шақты адам шетелден жұмыс тауып беремін деген астаналық азаматшаның жарнамасын көрген. Сөйтіп несие алып, барын жиып, күдіктіге 5 миллионнан астам қаражат ұстатқан. Бастапқыда жұмыс беруші жылыжайдан жұмыс ұсынғанымен, кейін хабар-ошарсыз кеткен. Артынша ақшасынан айырылғандар тәртіп сақшыларына жүгініпті. «Алайда қылмыстық іс былтыр басталса да, істе ілгерілеу жоқ», - дейді жәбірленушілер. Тіпті полиция қызметі: «Күдіктінің шетелге қашып кеткенінен хабарсыз», - деп шағымдануда. Ал департаменттегілер қылмыстың 8 ай бұрын ашылғанын растады. «Қазір 29 жастағы күдіктінің жеке басы анықталып, жедел іздестіру шарасы жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді.
Нұрғиса Ибрагимов, Аса ауылының тұрғыны:
- Қазір туған-туасқандардың барлығына жексұрын болдық. Алаяқ біз болып тұрмыз. Ал алаяқтың өзі шын мәнінде қашып жүр. 8 айдан бері жұмыссызбын. Ағамыз екеуміз Шу қаласындағы МЧС-те жұмыс істейтінбіз. Жұмысымыздан шығып, сегіз ай бойы департамент пен үйдің арасында жүрміз. Жанайқайымызды айтып жүрмін. Көмектесетін адам жоқ қой.
Валихан Ағыбаев, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Оған қатысты халықаралық іздеу жарияланды. Жедел іздестіру іс-шаралары кешені жүргізілуде. Қазіргі уақытта күдікті тұлғаны ұстауға жан-жақты барлық шаралар атқарылуда. Жедел іс-шаралар жүргізілуде, оны жария ете алмаймыз.