Ірі көлемде ақша жымқырған күдіктілер құрықталды. Алаяқтар Шымкент тұрғынының атына 25 млн теңге несие рәсімдеген. Азамат өзін банк қызметкерлеріміз деп таныстырған белгісіз тұлғалардың қоңырауына алданған. Алаяқтар оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтып, сеніміне кіріп, өз нұсқауларын орындауға көндірген. Жәбірленуші мен оның жұбайының атына бірнеше банктен несие рәсімдетіп, тіпті олардың үйі мен автокөлігін төмен бағамен сатуға көндірген. Келтірілген жалпы материалдық шығын 25 миллион теңгеден асты.
Тергеу барысында жәбірленушілер қаражаттың бір бөлігін алаяқтардың нұсқауымен белгісіз шоттарға аударғаны, ал қалған соманы үйіне келген тасымалдаушыға беріп жібергені анықталды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. ҚР Қылмыстық Кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді. ҚМА азаматтарды сақ болуға, тек ресми дерек көздері арқылы тексеруге және алаяқтардың айласына алданбауға шақырады. Егер сіз осындай жағдайларға тап болсаңыз, 1458 номеріне колл-орталыққа немесе телеграм-бот арқылы ақпарат беруді сұраймыз.