Көкшетауда 52 жастағы жаяу жүргіншіні көлікпен басып кеткен әйел адамның жүргізуші куәлігі болмаған. Осыған байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі – рөлде отырған әйелге, екіншісі – оның күйеуі, яғни автокөліктің иесіне қатысты. Енді күйеуі жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлікті бергені үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Еске салайық, қайғылы оқиға 9 мамыр күні қаладағы тұрғын үй аулаларың бірінде болған. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көлік тұрақ аумағына бұрылған сәтте жол бойымен келе жатқан әйелді қағып, үстінен басып өткен. Марқұм оқиға орнында жан тапсырды.
Әсем Әбдірахманова, облыстық полиция департаментінің аға инспекторы:
- Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасын тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кеше Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдіктіге қатысты «үйқамаққа» алу туралы шешім қабылдады. Қылмыстық іс полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.