Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысында қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан қылмыстық топты ұстады. «Өскемен Инерт» серіктестігі атынан жалған шот-фактуралар жасап келгендердің қатарында Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де бар. Күдіктілер: «Ауыр техника бөлшектерін жеткіздік», - деп жалған бухгалтерлік құжаттар рәсімдеп отырған. Осылайша қазынаға 91 миллион теңге көлемінде шығын келтірілген. Шендінің көмегімен салықтық бақылауды айналып өткен кәсіпкерлердің мүлкі тәркіленіп, іс сотқа жолданды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Тергеу амалдарына сай, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған. Бұл құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоса алғанда, салық төлеуден заңсыз жалтарған. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды.