Мемлекеттік сатып алу жүйесін алдап, миллиондаған қаржыны қалтаға басқан ірі алаяқтық схеманың жолы кесілді. «КазСтройОпыт LTD» ЖШС басшысы консалтингтік қызмет көрсетуді желеу етіп, түрлі фирмаларға құрылыс саласындағы жұмыс тәжірибесін қолдан жасап беріп отырған. Қылмыскерлер «Электрондық депозитарий» жүйесіне ешқашан салынбаған нысандар мен орындалмаған жұмыстар туралы жалған актілерді енгізген. Салдарынан, тәжірибесі жоқ компаниялар мемлекеттік сатып алу байқауларына қатысып, адал кәсіпкерлерден негізсіз озып кетіп отырған. Қылмыстық топтың құрамына 11 адам кірген. Бұл іске Шымкент қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының лауазымды тұлғалары да араласты деген күдік бар. Ондағы шенеуніктерге жалған жұмыс тәжірибесін заңсыз растап бергені үшін пара тасыған делдалдардың да аты-жөні анықталды. Қылмыстық топ 490 миллион теңгеден аса қаржыны жымқырған.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Тергеп-тексеру кезінде жалған жұмыс тәжірибесін алған және мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталды. Материалдар уәкілетті органдарға жіберілді. Тексеру жүргізу үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды. 3 күдікті қамауға алынды, тағы 8 тұлғаға қатысты ешқайда кетпеу жөнінде қолқат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.