Жыл басынан бері 25 рет өрт болған. Мамандардың айтуынша, өңірде тез тұтанатын сексеуіл мен қамыс алқабы көп. Одан бөлек, тұрғындардың салғырттығы мен өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауы да себеп болып отыр. Өрттің алдын алу үшін облыста «Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуы өтті.
Облыс - еліміздегі орманы көп үш өңірдің бірі. Климаты құрғақ болғандықтан, өрт тез тұтанады. Шөлейтте жыңғыл, шеңгел, сексеуіл мен қураған қамыс өртенсе, айналаға лезде тарайды. Сондықтан өрт сөндірушілер жаз бойы тыным таппайды. Профилактикалық шараларды күшейтіп, жиі тексеруге шығады.
Нұрболат Қиятов, өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
-Ормандағы алқаптарда өрттердің қиыншылығы жазғы мезгілде судың тапшылығынан, жаңбырдың жоқтығынан, ауа райының анамальды ыстығынан пайда болады. Ол кезде өрттің қиыншылық себептері ең басты себебі бізде, қатты желдің әсерінен өрттің тез таралу қаупі бар.
«Өрт-2026» республикалық оқу-жаттығуында дала мен орман өртін жедел сөндіру жолдары пысықталды. Іс-шараға 70 техника мен 200 адам қатысты. Олар бір мезгілде тұтанған төрт бірдей өртті сөндірді. Одан бөлек, зардап шеккендерге тікұшақпен шұғыл көмек көрсету шаралары да тексерілді.
Жасұлан Түйменов, облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары:
-Мынау арнайы 16 азаматтық қорғау қызметі бар, өрт сөндіру қызметі оқу-жаттығу барысында өрт сөндірумен айналысады, полиция қызметі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сонымен қатар медицина қызметі алғашқы дәрігерлік көмек көрсету, осы өрттің алдын алу және жою бағытында да үлкен жұмыстар атқарылып жатырмыз орман мекемесімен бірлесіп.
Биыл өңірде орман және дала өрті көбейген. Мәселен, былтыр 20 дала өрті болса, биыл жыл басынан бері 25 дерек тіркелді. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары табиғат аясына демалуға шыққан тұрғындардың да өрт қауіпсіздігіне салқырт қарайтынын айтады.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин