Батыс Қазақстан облысындағы балалар лагерьлерінде бұрын істі болған адамдар жұмыс істеген. Бұл жағдай жазғы сауықтыру маусымы қарсаңында балалар лагерьлерінің қызметкерлерін арнайы тексеру кезінде белгілі болды. Полиция қызметкерлері жүргізген тексеру нәтижесінде сегіз адамның бұрын қылмыстық, ал бес қызметкердің әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Құзырлы органдардың мәліметінше, анықталған деректер бойынша материалдар тиісті мекемелерге жолданды.
Әлішер Өтегенов, БҚО полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының аға инспекторы:
-Жаз мезгілінің басталуымен қазіргі уақытта полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті алдын алу мақсатында жазғы лагерьлерді тексеру жұмыстары ұйымдастырылды. Білім басқармасымен ұсынылған тізімге сәйкес қызметкерлер тексерілді. Қазіргі уақытта 8 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды және 5 қызметкері әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылғаны анықталды.