Ақтөбе автобустарында дабыл батырмасы іске қосылды

  • 4
  • 03.06.2026, 19:42

Оқыс оқиға немесе қылмыс болған жағдайда жүргізушілер полицейлерге бір түйменің көмегімен хабар жолдайды. Тәртіп сақшылары көлік салонын бейнекамералар арқылы бақылай алады. Пилоттық жоба жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Полицейлер қоғамдық көлікте кісінің қалтасына түсетін ұрыларды дер кезінде анықтау қиын екендігін мойындайды. Сондықтан заманауи құрылғылар аталған қылмысты жоюға сеп болуы тиіс. Бейнекамералар мен дабыл батырмасы әзірге 41-ші бағыттағы автобустарға орнатылды.  

Руслан Фазкуллин, облыстық ПД бастығының орынбасары:

-Жүргізуші дабыл батырмасын басқан сәтте жедел басқару орталығына қоңырау түседі. Кезекші оператор дереу шешім қабылдап, жақын маңдағы полиция жасағын жолдайды. Жедел басқару орталығындағы экранда автобус салонындағы бейнежазба автоматты түрде ашылып, интерактивті картадан қоғамдық көліктің нақты орналасқан жері мен қозғалыс бағыты көрсетіледі.