Алматы облысында есірткі зертханасы жойылды

  • 10
  • 15.06.2026, 19:44

Алматы облысында 29 жастағы ер адам жеке үйді синтетикалық есірткі өндіретін зертханаға айналдырған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарасай ауданында анықталған жасырын зертхана жойылып, күдікті қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Зертханаға қажетті жабдықтар мен химиялық реагенттерді жеткізу интернет арқылы жүргізілген. Үйді тінту кезінде 28 келіден астам альфа-PVP есірткісі, 880 литр прекурсор және арнайы зертханалық жабдықтар тәркіленді. Осылайша жалпы көлемі шамамен 125 мың доза болатын синтетикалық есірткі полицияның жедел әрекетінің арқасында заңсыз айналымға түскен жоқ.

Елдар Әбдікенов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- Осылайша мыңдаған адамның есірткіге тәуелді болуына жол берілмеді. Халық денсаулығына келер зиян тоқтатылды. Іс жүзінде өңірдегі криминогендік ахуалға елеулі қауіп төндіретін есірткі орталығы жойылды. Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Баптың санкциясы өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына дейін көздейді».