Күн жылығалы Маңғыстау өңірінде 23 адамды қарақұрт шағып, оның алтауы орталық аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Арасында балалар да бар. Мамандардың айтуынша, биыл жауын-шашын мол болғандықтан, улы жәндік ерте оянып, тез көбейген. «Сондықтан сақтанып жүрген абзал», - дейді.
Мұнайлы ауданының тұрғынын мал жайып жүрген кезде қарақұрт шағып алған. Жұпар Сүйетованың жағдайы күрт нашарлап, жақындары жедел жәрдем шақыртқан. Қазір жағдайы тұрақты. Дәрігерлер қарақұрт уына қарсы ем жасап жатыр.
Жұпар Сүйетова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
- Спирт жақтым, болмады. Қол-аяғым ұйып, жедел жәрдем шақырттым. Реанимацияға бір күн жатқызды. Аман-есен көзімді ашқызып, палатаға өттім.
Жанар Досжанова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры:
- Соңғы 10 күнде бізге қарақұрт шаққаны бойынша екі бала түсіп отыр. Екі бала да бізде реанимацияда болды. Алғащқы көмек көрсеткеннен кейін 3 сағаттың ішінде аурулардың симптомдары басылды. Қазір бөлімшеге ауыстырылды.
Бір айдың ішінде Маңғыстау, Мұнайлы және Бейнеу ауданының тұрғындарын қарақұрт шағу дерегі тіркелді. «Қарақұрт – әлемдегі ең қауіпті өрмекшінің бірі. Оның уы бірден адамның жүйке жүйесіне әсер етеді. Жүрегі жиі соғып, ентігеді. Шұғыл медициналық көмек көрсетпесе, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін», - дейді эпидемиолог мамандар. Олар әсіресе балалардың жазғы лагерлерінде қауіпсіздікті күшейту керектігін айтады. Жалпы шаруашылықтар жеке қора-жайлар мен өзге де нысандарда жәндікті жою шараларын меншік иесі өз қаражатына жүргізеді.
Мадина Рахметова, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:
- Адам қатты ауырсынуы, бұлшықеттердің құрысуы, әлсіздік пен дене қызуының көтерілуін сезінуі мүмкін. Сондықтан міндетті түрде қарақұрт шаққан жағдайда дереу жақын орналасқан медициналық ұйымға, алғашқы медициналық көмекке жүгіну қажет.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Эпидемиологтар тұрғын үй ауласы, қора-жайда дезинсекциялық өңдеу жүргізуге кеңес береді. Далалық алқапта жүрген уақытта жабық аяқкиім кию қажеттігін ескертеді. Балаларды бақылаусыз қалдырмай, табиғат аясындағы демалыс кезінде барынша сақ болуға шақырады.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев