Қарағанды облысында шомылу маусымы басталғалы 3 адам суға кетті

  • 6
  • 18.06.2026, 19:40

Қарағанды облысында шомылу маусымы басталғалы 3 адам суға кетті. Екеуі кәмелетке толмаған бала. Осыған байланысты құтқарушылар күшейтілген режимде кезекшілік атқаруда. Мамандар жағажайларда қауіпсіздік ережесінің сақталуын тексеріп, түсуге рұқсат етілмеген жерлерді бақылауға алған.

«Биыл облыс бойынша 149 жағажайда шомылуға рұқсат берілді. Қалған жерлерде суға түсуге болмайды. Себебі толық зерттелмеген»,- дейді мамандар. Кей жағалау тым терең немесе судың түбі лас. Әрі ондай жерлерде арнайы құтқарушылар болмайды. «Әсіресе Федоров су қоймасына шомылатын балалар ескертуді елемейді», - дейді жауаптылар. 

Константин Галле, құтқарушы:

- Мектеп жасындағы балалар шомылуға жабдықталмаған жерлерге түсуге әуес. Өкініштісі сол, ересектер де судың қателікті кешірмейтінін ескере бермейді. 

Мадияр Ажақов, облыстық ТЖД аға инженері:

-Рейдтік іс-шаралар полиция департаменті, прокуратура және еріктілермен бірлесе сағат таңғы 9-дан кешкі сағат 9-ға дейін шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде жүргізілуде. Жауапты адамдар бекітілді. Агитациялық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Ал тұрғындар ыстық күндері шомылатын жердің аздығына наразы. «Олар аялдамаға жақын жерлерді абаттандырып, суға түсу үшін, арнайы жабдықтау керек»,- дейді. Қазір су қоймасының маңында ресми рұқсат етілген жалғыз жағажай бар.

Светлана Ракоид, қала тұрғыны:

-Бұл жағажайдың түбі тайыз әрі таза. Жолдасым осы жерде күн сайын дайвингпен айнылысады. Өзге де орындар осы секілді абаттандырылса, халыққа қолжетімді жағажай саны артады деп ойлаймын.

Жағажайлардағы қауіпсіздікті төтенше жағдай қызметінің 2 мыңға жуық құтқарушысы бақылап, жиі тексеріп отырады. Оқыс оқиға бола қалса, 350 арнайы техника дайын тұр.  

Талғат Исламұлы, Лиана Жамлиханова, Сайлау Игіліков, Аман Хамит