Көкшетауда жаяу жүргіншіні басып кеткен жүргізуші әйелге қатысты сот үкімі шықты.
Адам өліміне әкелген іс бойынша көлік жүргізушісі 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, екі кішкентай баласының болуына байланысты сот жазаны өтеу мерзімін 3 жылға кейінге шегерді.
Еске салайық, қайғылы оқиға биыл 9 мамырда Көкшетаудағы тұрғын үй аулаларының бірінде болды. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада көлік тұрақ аумағына бұрылған сәтте жол бойымен келе жатқан әйелді қағып, жаншып өткен. 52 жастағы әйел оқиға орнында жан тапсырды. Көлік иесінің жүргізуші куәлігі болмаған. Осыған байланысты екі қылмыстық іс қозғалды.