Мемлекетке ₸1,2 млрд залал келтірген компания басшысына іздеу жарияланды

  • 13
  • 24.06.2026, 19:36

Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы жеті әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына техникалық қадағалау жүргізген компанияның басшысына іздеу жарияланды. Нысандар қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, ауызсу жүйелері мен жағалауды бекіту құрылыстары бар. Кейбір жобалар әлі күнге дейін аяқталмаған. Мәселен, Үлкен Нарындағы бассейн құрылысы сегізінші жылға ұласты.

Аталған дерек бойынша Қаржылық мониторинг агенттігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандардың дерегінше, компания құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемін, сапасын және олардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін бақылауы тиіс болған. Сот кәсіпорын басшысына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. 

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Көрсетілген қызметтер үшін төлем алғанына қарамастан, құрылысқа тиісті бақылау жүргізілмеген. Кәсіпорын басшысы орындалған жұмыс көлемдері туралы жалған мәліметтер қамтылған актілерге қол қойып отырған. Тінту барысында мөрлердің көшірмелері мен жалған актілер анықталды. Мемлекетке келтірілген залал 1,2 миллиард теңгеден асты.