Алматыда 4 фармацевтикалық компанияның заңсыз әрекеті әшкереленді

  • 11
  • 24.06.2026, 19:48

Алматыда заңсыз дәрі-дәрмек саудасымен айналысқан 4 фармацевтикалық компания анықталды.

Кәсіпорын басшылары көрші елдерден контрафактілік препараттарды тасымалдап, еліміздің дәріханаларында еркін саудалаған. Алайда бұл қылмыстың бір парасы ғана. Тергеу барысында олардың жасырын цехтары анықталды. Күдіктілер психотроптық препараттарды қолдан дайындаған.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, дәрілер антисанитариялық жағдайда өндірілген. Ауқымды операция аясында 10 мыңға жуық жалған дәрілік препарат тәркіленді. Сондай-ақ заңсыздықты жасыруға көмектескен лауазымды тұлғалар қамауға алынды. Олардың ірі көлемде пара алғаны әшкере болды. Салдарынан мемлекетке 800 миллион теңге шығын келген.

Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:

- Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлғаларды, сондай-ақ дәрілік заттарды жеткізу арналарының, оның ішінде шетелден жеткізу жолдарының барлығын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.