Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы бойынша тергеп-тексеру басталды

  • 9
  • 25.06.2026, 19:34

Мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы мен контрабандасы деректері бойынша 8 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Мәселен, Маңғыстау облысында 2022 жылдан бері 28,5 мың тоннадан астам мұнайды заңсыз өңдеген зауыт анықталды. Өнімі мазут ретінде рәсімделіп, шетелге шығарылған. Ал Түркістан облысында мемлекеттік шекара жанынан қазылған тоннель арқылы Өзбекстанға бензин контрабандасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды. Шетелге заңсыз шығарылған жанармайдың құны 37 млрд теңгеден асады. Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі ішкі істер министрлігі және Шекара қызметімен бірлесіп, жанар-жағармай материалдарын ел аумағынан заңсыз шығарудың 712 дерегін анықтап, қылмыстың жолын кескен.