Қостанай облысында өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланды

  • 5
  • 10.07.2026, 19:45

Қостанай облысында шілденің шіліңгір ыстығынан өрт қаупінің жоғары деңгейі жарияланды. Қазір жасыл желек алқабына көлік пен адамдардың кіруіне тыйым салынған. Жағдайды бақылауда ұстау үшін механикаландырылған шолғыншылар тобы жасақталған.

Пригородный орман шаруашылығы 20 мың гектарға жуық аумақты алып жатыр. Осы жерде өрттің алдын алу мақсатында орманшылар, полиция, төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінен құралған шолғыншылар тобы жасақталды.

Болатбек Табылдин, орманды күзету және қорғау инженері:

- Қазіргі уақытта бізде осындай төрт пункт бар. Қазіргі уақытта халықпен кездесіп, қандай қауіп болып тұрғанын жеткізіп жүрміз. Облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, қазір орман ішіне халық пен көлікті кіргізбеу – біздің міндетіміз. Бұл шектеу ауа райы жағдайы төмендегенше сақталады.

Орман алқабының әр тұсында арнайы құрам өрт сөндіру машиналарымен тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. 

Мағауия Қалиев, тілші:

- Қостанай облысында 11 орман шаруашылығы бар. Соларды жарақтандыруға соңғы үш жылда 8 миллиард теңге ақша бөлінген. Соның арқасында техника паркінің 90 проценті жаңартылып, орман алқабының 70 проценттен астамы бейнебақылаумен қамтылды.  

Галина Москаленко, орман шаруашылығының радио операторы:

- Бізде онлайн режимде жұмыс істейтін бес бейнекамера қойылған. Олар негізінен барлық аумақты қамтып отыр. Камералар қауіп әсерін бірден сезіп, дыбыс белгісін береді. Оның орнын, нақты көлемін сол сәтінде анықтап, шұғыл топты жібереміз.

Орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру бөлімшесі де қандай да бір тосын жағдайға тас-түйін дайын. 

Болат Сырғабаев, өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы:

- 100% бізге жаңа техникалар алынды. Жаңа тракторлар, жаңа автокөліктер берілді. Түтін шыққан кезде дронды ұшырамыз. Дрон арқылы қай кварталда өрт болып жатқанын анықтаймыз. Содан кейін сол жерге қажетті күштер мен техниканы бағыттаймыз.

Өрт қаупі кезеңі басталған сәуір айынан бері облыста 150 орман және дала өрті тіркелді. Жедел іс-қимылдың арқасында оқыс оқиғаның кең сипат алуына  жол берілген жоқ.

Еркін Аушахметов, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:

- Қазіргі уақытта жалпы саны 500-ден астам адамнан тұратын мобилдік топтар құрылды. Олардың қатысуымен мыңнан астам рейдтік іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 800-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Синоптиктер: «Өңірде шілде айы бойы аптап ыстық болады», - деп болжап отыр. Сондықтан өрт қаупінің жоғары деңгейі әлі кемі үш апта сақталары анық. 

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг