Атыраулық дәрігер 42 пациенттен заңсыз ақша алған

  • 28
  • 13.07.2026, 19:35

Бір медициналық қызмет үшін екі төлем. Атырау облысында 2023–2025 жылдар аралығында осындай тәсілмен жұмыс істеген хирург-дәрігер анықталды. Ол азаматарды емдегені үшін МӘМС есебінен сондай-ақ пациенттердің өзінен де қаражат алды деп айыпталуда. Тергеу амалдарына сай күдікті варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған. Жергілікті клиникаларда жұмыс істей тұра көрсетілген қызметтер үшін төлемді өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған.

Қаржылық мониторинг агенттігі оған қатысты тергеп-тексеруді аяқтады. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданыпты.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Күдікті 42 пациенттің 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға қор тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаражат аударылған. Бұдан бөлек, оның қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алған фактілері де анықталды.