Шілденің алғашқы онкүндігінде 120 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Заңсыз есірткі айналымына тосқауыл қою үшін «Қарасора – 2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізіліп келеді.
Астана қаласының полиция қызметкерлері жымысқы ойын жүзеге асырмақ болған 26 жастағы тұрғынды ұстады. Азаматтың жалға алған үйін тексеру барысында салмағы 245 грамм болатын 220-дан астам синтетикалық есірткі орамы табылды. Күдікті психотроптық заттарды қала аумағында сатпақ болған. Тәртіп сақшылары Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетімен бірлесе отырып, 190-ға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Он күн ішінде есірткі сатудың 46, аса ірі мөлшерде сақтаудың төрт, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді егудің 40 фактісі, сондай-ақ есірткі контрабандасының төрт дерегі тіркелген.
Елдар Әбдікенов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:
- Заңсыз айналымнан 266 кг прекурсор мен 760 кг есірткі, оның ішінде 121 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленді. Жазғы демалыс кезінде жоғары сынып оқушылары мен студенттер арасында нашақорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге ерекше назар аударылуда. Бірінші онкүндікте 6 мың жасөспірім мен жастарды қамти отырып, 145 профилактикалық іс-шара өткізілді. Ішкі істер министрлігі азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ жастарды есірткі ортасына тарту фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырады.