Павлодарда алаяқтарға алданған зейнеткерлер банкте петарда жарып жіберген

  • 5
  • 16.07.2026, 19:41

Павлодардағы банк бөлімшесінде болған жарылысқа қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Алаяқтардың нұсқауымен ерлі-зайыпты зейнеткер ішіне пиротехникалық зат салынған тортты банкке алып кірген. Сол жерде жарылыс болып, екеуі де жарақат алған. Әйел адамның беті, мойыны, қолы мен көзін күйік шалса, ер адамның жанарына зақым келген. Тиісті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін зейнеткерлер амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Полицейлер жарылыс жасаған жандардың бұған дейін де алаяқтарға алданып, жалған инвестициялық жобаға ақша салғанын айтады.

Алмаз Төкенов, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Аталған факт бойынша полиция тергеу жүргізіп, дроппер ретінде әрекет еткен тұлғаларды анықтады. Олар заң аясында жауапкершілікке тартылып, жәбірленушілердің ұрланған қаражатын қайтару бойынша сот тәртібімен тиісті шаралар қабылдануда. Аталған факті бойынша бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бағытында жедел іздестіру іс-шаралары жалғасуда.