Астанадағы базарлардың бірінде жарылыс болып, үш адам зардап шекті. Кейбірі жансақтау бөлімінде жатыр. Жарылысқа газ баллоны себеп болуы мүмкін. Қазір бұл іске қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.
Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:
- Оқыс оқиға таңертеңгі мезгілде орын алды. Байқоңыр ауданында орналасқан базарлардың бірінде тандыр самсасын дайындайтын бөлмеде газ баллоны жарылған. Салдарынан дәл осы жерден бірнеше адам ауруханаға жеткізілді.
Оқиға Шара Жиенқұлова көшесінде орналасқан екіқабатты әкімшілік ғимаратта болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылып, соның салдарынан газ-ауа қоспасы жарылған. Құтқарушылар оқиға орнына жедел жетіп, зардап шеккен 3 адамға көмек көрсетілді.
Сахибек Бекжанұлы, комбустиолог:
- Екі науқастың жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі таңда екі науқастың жағдайы өте ауыр. Бір науқасты бірінші медициналық көмек көрсетуден кейін амбулаторлық емге жіберілді.
Зардап шеккендердің тағы біреуі бала. Оның жағдайын дәрігерлер ерекше бақылауда ұстап отыр.
Динат Қожекенов, «№2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы» МКК директорының орынбасары:
- №2-ші көпбейінді қалалық балалар ауруханасының травматология пунктіне жеткізілген балаға тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Құрамында травмотолог, реанимотолог бар топ қарап, жарақаты таңылды. Кейін жалпы жағдайына байланысты реанимация бөліміне жатқызылды. Қазір оңалып келеді. Барлық қажетті ем-дом көрсетілуде.
Базар қалыпты жұмыс істеп тұр. Оқиға болған жер қоршауға алынып, тиісті қауіпсіздік шаралары жүргізілді. Оқиғаға не себеп болғаны тексеру нәтижесінен кейін белгілі болады.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Мұхамбетәлі Тілдабаев