«Семей орманы» табиғи резерватындағы өрттің беті қайтты

  • 8
  • 17.07.2026, 19:44

«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы өрттің өршуіне жол берілген жоқ. Қазір құтқарушылар бықсыған аумақтарды сөндіріп жатыр. Жедел штаб жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Мамандар тәулік бойы кезекшілікте. Жалпы саны 800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр.

Өртті сөндіруге Абай, Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының, сондай-ақ Астана қаласының төтенше жағдайлар қызметтері жұмылдырылды. Әскери бөлімдердің жеке құрамы да тартылды. Кеше басталған өрт шамамен 370 гектар аумақты шарпыған. 

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Кешегі өртті көптеген министрліктің бірлесіп, жұмыла жұмыс істеуінің арқасында өршітпей, дер кезінде сөндірдік деуге болады. Көметін жерді көміп, сумен сөндіретін жерді толық сөндірмесек, қалған шоқ ертең аз ғана жел тұрса да қайта тұтанып, өрттің қайта жалындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бықсып жатқан әрбір нүктені толықтай жою қажет.