Аптап ыстықтың салдарынан кеше Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны отқа оранды. Бүгін таңмен батыстан соққан жел шаһарды көк түтінге көмді. Полигонның жалпы аумағы 35 гектар болса, соның 12 гектары, яғни үштен бірі дәл қазір бықсып жатыр. Өртті өшіруге төтенше жағдай департаменті мен коммуналдық кәсіпорындардың 45 арнайы техникасы жұмылған. Су шашумен қатар, бульдозерлер, экскаваторлар жанған қалдықтардың бетін топырақпен көміп, нығыздап, рекультивация жасауда. 50 жыл бұрын салынған полигонның астында газ да жиналған. «Өрттің өршуіне сол себеп», - дейді мамандар. Тілсіз жауды тізгіндеу үшін бүгін шаһарда жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Бүгін де 28-і күні әлі күн ыссы, сонымен қатар жел де қатты. Осы мәселелерді ескере келе бүгін қала әкімінің шешіміне сәйкес қала аумағында қалалық деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялаған болатынбыз. Яғни осы төтенше жағдай режиміне сәйкес, жаңа айтып өткендей жану-жағармай мәселесі, жеке құрамды тамақтандыру мәселесі, басқа да жедел ұйымдастыру шараларына атқарылатын жұмыстарды тез шешім қабылдауға бізге былай айтқанда көмек тигізеді.