Sax Invest қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар сотталды

  • 6
  • 29.07.2026, 17:39

Мыңнан аса адамды арбап, ақшасын алған алаяқтар сотталды. «Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сезікті іспен айналысқандар саны сегіз. Ақтауда инвестициялық қор ретінде ашылып, бағалы қағаздар және басқа да активтерге қаржы тартумен айналысқан. Айласын асырғандары соншалық Африкада алмаз өндіретін халықаралық жобаға қатысатындарын жариялған. Қитұрқы әрекеттерінің құрбандары мыңдап саналады. Салымшылары Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан анықталып отыр. Қылмыстық әрекетін 2018-2022 жылдар аралығында жүзеге асырған. Сөйтіп 9 млрд-тан аса теңге жымқырған. Тергеу барысында қаражаттың едәуір бөлігі компанияның есепшоттарына емес, ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылғаны белгілі болды. Қомақты ақша құмар ойындарға, пәтерлер сатып алуға, жеке тұрғын үй салуға және өзге де қажеттілікке жұмсалған. 

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

-Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Сонымен қатар азаматтық талаптарды орындау мәселесі шешілгенге дейін сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым сақталды. Оның ішінде екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар. Үкім заңды күшіне енген жоқ.