Ақтөбеде интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен дропперлер желісі әшкереленді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы жүргізген топта 10-нан астам адам болған. Олар 150-ден астам дропперді тартқан. Қазірге дейін анықталғаны - еліміздегі 16 өңірде 80 жәбірленуші бар. Келтірілген шығын 120 миллион теңгеден асады. Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдікті үйқамаққа алынды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың АҚШ доллары көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген. Тергеп-тексеру жалғасуда. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.