Қостанайда жеткіншек өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • 6
  • 30.07.2026, 19:36

28-шілдеде балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 14 жастағы бала көз жұмды. Мүгедектігі бар жасөспірім түсте ұйқыға жатып, оянбаған. Әзірге қайғылы оқиғаға нақты не себеп болғаны белгісіз. 

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, сол күні оның денсаулығы қалыпты болған. 

Динара Қарымсақова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Бала түске дейін өзін жақсы сезінген. Шағымданбаған, белсенді болған, түскі ас ішкен, одан кейін ұйықтауға жатқызылған. Алайда ұйқыдан тұратын кезде оянбай қалған. Барлық тиісті органдар мен уәкілетті органдарға жедел түрде хабар берілді.  Жасөспірімнің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Тиісті сот-медицина сараптамалары тағайындалды. Болған жағдайға құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша беріледі.