Оралда тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының өртеніп жатқанына төрт күн болды. Жел батыстан соқса, шаһар көк түтінге көміледі. Полигонның жалпы аумағы 35 гектар, жалын соның жартысына жуығын шарпыған.
Төтенше жағдайлар департаменті мен коммуналдық кәсіпорындардың арнайы техникалары оқиға орнында күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Дүйсенбіден бері полигонға 37 мың тонна топырақ жеткізіліп, 7,5 мың текше метр су шашылған. Соған қарамастан, әлі 8 гектар аумақта қоқыс бықсып жатыр.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- 50 жыл болған ескі полигон. Жұмыс жасау жалпы оңайға соғып жатқан жоқ. Неге десеңіз, арнаулы техниканың кіріп-шығуы бар, жолдардың нашарлығы бар. Сонымен қатар желдің бағыты да өзгерген сайын жұмысшыларға жұмыс жасауға кішкене қиыншылықтар тудыруда. Дегенмен де 24 сағат тоқтамай жұмыс атқарып жатырмыз.