140 мың адамды медициналық ұйымдарға жалған тіркеп, сақтандыру қорынан қаржы жымқырғандар ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігі мамандарының мәліметінше, олар көрсетілмеген қызметтер туралы жалған мәлімет енгізген. Аталған дерек бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Мемлекетке 3,5 млрд теңгеден аса шығын келтірілгені анықталды. Қитұрқы жоспардың бірі Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасында тіркелген. Тергеу мәліметіне сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген қаражат 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшотына аударылған. Олар іс жүзінде медициналық мекемемен ешқандай шарт жасаспаған. Мемлекетке келтірілген шығын 501 млн теңгеден асқан. Екі күдікті қамауға алынды.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
-Астанада «Forte Clinic» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның сыбайласы Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды тіркеуге қатысты өтінімдерді заңсыз мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды. Қылмыстық схема нәтижесінде клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Сонымен қатар «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 млн теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.