Аса ірі көлемде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Грузияда ұсталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Құзырлы органның мәліметінше, күдікті бүгін елге экстрадицияланған. Ол 2021 жылғы қаңтар мен 2022 жылғы ақпан аралығында Кипрден пәтер сатып алуға көмек көрсетемін деген сылтаумен Қазақстан азаматынан 100 миллион теңге алған. Аяғында не пәтер, не ақша жоқ.
Ерлан Жанпейісов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
-Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылып отырған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.