Қарағанды облысының Жаңатоған ауылында дала өртін сөндіру кезінде екі адам зардап шекті. Бірінің денесін 10, екіншісін 20 пайыз күйік шалған. Екеуі де Қарағанды қаласындағы ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлердің айтуынша, жағдайлары тұрақты. Өткен тәулікте облыс аумағында 1334 гектар жерді өрт шалып, сөндірілген. Тілсіз жау әсіресе Жаңатоған ауылына қауіп төндірген. Қазір облыстың Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау және Қарқаралы аудандарындағы 6 аумақта құтқарушылар өртті оқшаулау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың айтуынша, таулы жер, қалың жыңғыл және қатты жел өртпен күресті қиындатып отыр. Дегенмен ауылдарға қауіп төніп тұрған жоқ. Қызыл жалынды сөндіруге 620 құтқарушы мен 134 техника жұмылдырылған. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды.