Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бектемиров бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу мәліметінше компанияға берілген лицензия қатты пайдалы қазбаларды барлауға ғана рұқсат берген. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені мен оның концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, Қазақстанда және шетелде сатылған.
Кен өндіру салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, жер бедері мен ландшафт өзгерген. Сондай-ақ тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен жымқырылған табыс 1 млрд теңгеден асқан.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Сотталушы осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған: «Land Rover» автокөлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық нысан, екі тұрақ орны және Алматы облысындағы екі жер учаскесі. Сот құны 1 млрд теңгеден асатын бұл мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.