Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз кәсіпкерлік және микроқаржылық қызметпен айналысқан азамат 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ростовщиков Е. есімді азамат лицензиясыз жұмыс істеген. Тергеу барысында оның қарыз беру бойынша 78 эпизоды анықталды. Несие беру үшін ол алдымен нотариус арқылы қарыз шартын рәсімдеген. Содан кейін қарыз беру дерегі сатып алу-сату шарты ретінде жүргізілген. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарыздың кепілі ретінде пайдаланылған. Берешек өтелгеннен кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылып отырған. Осылайша, пайызбен және мүлікті кепілге алып жүйелі түрде жұмыс істеген.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
-Заңсыз қызметтің нәтижесінде 774 млн теңге қылмыстық табыс алынған. Бұл қаражатқа қымбат активтер сатып алынған. Сот үкімімен мемлекет кірісіне 6 пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі, сондай-ақ құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.