Елордада алаяқтық жасағандар сотталды

  • 6
  • 10.09.2026, 18:33

Елордада «Qyran» тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату кезінде жасалған алаяқтық іс бойынша төрт адам сотталды. Олар 8 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Тергеу барысында істі болғандардың заңсыз әрекеттері әшкере болды. Азаматтарға пәтерлерді, тұрғын емес үй-жайларды және автотұрақ орындарын нарық бағасынан төмен бағаға сатып алу ұсынылып, мәмілелердің толықтай заңды екеніне сендірген. Жәбірленушілердің төлемі қолма-қол және жеке шоттарға аудару арқылы да жүргізілген. Бірақ бұл операциялар «International Invest Company IIC» ЖШС-нің бухгалтерлік және банктік құжаттарында көрсетілмеген.

Бұдан бөлек, сотталғандар құрылыс компаниясының өз қаражатын жымқыруға бағытталған тағы бір алаяқтық әрекетке барыпты.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Олар ЖШС атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығын тіркеген. Алайда сатудан түскен ақша компанияның кассасына түспеген. Сот 35 жәбірленушінің жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеден асатын талап арыздарын қанағаттандырды. Сондай-ақ ЖШС пайдасына 3,9 млрд теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Жәбірленушілерге жалпы құны 1,3 млрд теңге болатын 78 жылжымайтын мүлік нысаны берілді. Тағы 73 нысан адал ниетті сатып алушыларға берілді.