Мемлекеттік субсидияларды жымқырған күдікті Грузиядан экстрадицияланды. Құзырлы органдар бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматшасын елге әкелді.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдікті 2020–2023 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын ұйымдастырған. Арам пиғылын іске асыру мақсатында ол сенімді тұлғалардың атына тіркелген шаруа қожалықтарын, асылтұқымды ірі қара малды сатып алу туралы жалған шарттарды және өзге де жалған құжаттарды пайдаланып, солардың негізінде жеңілдетілген кредиттер мен мемлекеттік субсидияларды заңсыз алған.
Саян Әбденов, ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі:
- Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке және басқа да жәбірленушілерге жалпы сомасы 238 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Еске сала кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-еуі бюджет қаржысын жымқырғаны үшін іздеуде болған.