Түркістан облысында ₸103 млн субсидияны жымқырған топ әшкереленді

  • 21
  • 16.09.2026, 18:40

Түркістан облысында 103 млн тг көлеміндегі мемлекеттік субсидияны заңсыз иемденді деген күдікке ілінген топқа қатысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Күдіктілер жалған мәлімет енгізіп, сол арқылы бюджеттен субсидия алды. Заңсыз схемаға үшінші тұлғалардың атына тіркелген төрт жеке кәсіпкерлік нысандар пайдаланылды. Олар электрондық цифрлық қолтаңба мен банк шоттарын басқаруға құқық беретін нотариалды сенімхаттарды қолданды. Ақпараттық жүйеге ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу, олардың қолда бары туралы жалған мәліметтер енгізілді. Осының негізінде мемлекеттік субсидия алуға электрондық өтінімдер берілді. Қаражат жеке мақсаттарға жұмсалды.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Келтірілген залалдың жалпы көлемі 103 млн тг құрайды. Соның салдарынан адал ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға және өңірдегі мал шаруашылығын дамытуға арналған бюджет қаражаты мақсатсыз жұмсалған. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне тыйым салынды. Олардың қатарында 2 тұрғын үй, 4 автокөлік, автотұрақ орны және жер телімі бар. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.