Импортталған астықты «Қазақстанда өндірілген» деп тасымалдаған

  • 8
  • 29.09.2026, 18:40

Импортталған астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған. Қаржылық мониторинг агенттігі осындай қитұрқы әрекеттің жолын кесті.

Агенттік мәліметіне сүйенсек, ел аумағынан жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын 130 мың тонна астық экспортталған. Көбіне Өзбекстан, Ауғанстан және Тәжікстан елдеріне жөнелтілген. Алаяқтық әрекетті іске асырғандар, жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдарды тіркеп, тасымалдау кезінде жеңілдетілген тарифті пайдаланған. Салдарынан мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Қазір аталған іске қатысты бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды.

Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:

- Астық экспортына қатысты схемада «Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» ЖШС-лары пайдаланылған. Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-не 1 млрд теңгеден аса көлемінде залал келтірілген. Сонымен қатар күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндеттемелерін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап-арыздар берген.