Қызылордада 60 млн теңгені жымқырған шаруашылық басшысы қамалды

  • 7
  • 30.09.2026, 18:33

Қызылорда облысында мал шаруашылығын дамытуға бөлінген қаражатты жымқырған азамат қамауға алынды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, осыдан бес жыл бұрын «Байқоңыр» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясының қатысуымен «Сыздық ата» серіктестігі бірлескен кәсіпорны құрылған. Оларға ет бағытындағы мал шаруашылығын өркендету және Жаңақорған ауданы тұрғындарын өніммен қамту үшін 311 миллион теңге бөлінген.

Жоба аясында ұсақ және ірі қара мал мен ет қаптауға арналған жабдық сатып алу үшін корпорация серіктестікке 151 миллион теңгеден астам ақша салады. Алайда оның басшысы қаржының бір бөлігін қолды қылған. Іс сотқа жолданды. 

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Тергеу деректеріне сәйкес, мал сатып алынғаннан кейін ЖШС басшысы қаражаттың бір бөлігін шығарудың сызбасын ұйымдастырған. Жалпы сомасы 60 млн теңге күдіктінің бақылауындағы «Нұрай» және «Абылайхан» ЖК шоттарына заңсыз аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған. Күдікті қамауға алынды. Сот санкциясымен оның меншігіндегі екі автокөлікке тыйым салынды.