Психотроптық заттары бар 28 мың препараттың айналымына шектеу қойылды

  • 6
  • 30.09.2026, 18:34

Құрамында есірткі заттары бар 28 мың дәрілік препарат айналымнан алынды. Республика бойынша 21-25 кыркүйек аралығында «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы ұйымдастырылып, мың жарымнан астам медициналық мекеме мен дәріхана, 142 кәсіпорын тексерілген. Нәтижесінде 200-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. 

Ішкі істер министрлігі мұндай операцияны азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында жыл басынан бері жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – құрамында психотроптық, күшті әсер ететін заттар бар дәрілік препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қою.

Қуандық Әлжанов, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- 675 тонна түрлі прекурсордың айналымы шектеліп, 90 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы, Петропавлда жүзуден жаттықтырушы ұсталып, одан құрамында күшті әсер ететін заттар бар 56 таблетка тәркіленді. Түркістандағы дәріханалардың бірінде күшті әсер ететін заттарды лицензиясыз сату фактісі анықталып, 5 мыңнан астам таблетка тәркіленді. Еске саламыз, биыл 1 қаңтардан бастап күшті әсер ететін заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.