Алматылық құтқарушылар жеті күннен бері шетелдік туристі таба алмай келеді. 73 жастағы Оңтүстік Корея азаматы 28 қыркүйекте бір топ адаммен «Шымбұлақ» аспалы жолы арқылы тауға шыққан. Кейін жалғыз серуендеп қайтатынын айтып, белгісіз бағытта өз бетінше жүріп кеткен. Алайда қонақүйге сол күйі оралмаған. Келесі күні оның жоғалғаны туралы ақпарат құтқарушыларға түсті.
Мамандар жедел штаб құрып, шұғыл іздеуге кіріскен. Туристің баруы мүмкін деген сай-сала, жылға мен тау бөктерлері тексерілді. Қазір 90-ға жуық адам Талғар ауданындағы «Ой-Қарағай» курортының маңындағы таулы аумақтан іздестіру жүргізіп жатыр. Кинологтар, тікұшақ пен 7 дрон жұмылдырылған. Іздеу жұмыстары тәулік бойы жалғасуда.