«Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған 2 адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмаройындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберген. Өтініш білдіргендерге аккаунт ашылып, ақша аудару үшін шот деректері жолданған.
Ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Екі онлайн-казиноның жалпы айналымы 3,1 миллиард теңгені құрады. Қылмыстық жолмен алынған 200 миллион теңгеден астам сомаға мүлік сатып алған.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА өкілі:
- Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza, SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар. Сот үкімімен екі адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.