Алматыдағы Esentai city тұрғын үй кешенінде болған жарылысқа табиғи газдың құбырдан сыртқа таралуы себеп болуы мүмкін. Қазір жауапты қызметтер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Оқиға бүгін таңғы сағат 6.50-де болған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан екі пәтерге зақым келген. Біреуінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Екіншісінде ата-анасы мен үш бала тұрған. Кәмелетке толмаған екі бала жеңіл жарақат алды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылды. Жарылыстан ғимараттың терезелері, ішкі қабырғалары, есіктері қираған.
Дмитрий Ким, Esentai city тұрғын үй кешені МИБ төрағасы:
- Газ сыртқа шыққан. Жертөледе газ құбырлары мүлде жоқ. Газ құбыры тікелей пәтерлерге тартылған. Жабдықтар үнемі тексеріліп тұрады. Газ қызметімен келісімшарт жасалған. Бұған дейін барлық жабдық қалыпты жұмыс істеп тұрған. Қазандықтар пәтерлердің ішінде орналасқан. Олардың техникалық жағдайына пәтер иелері жауаты. Дегенмен, басқа тұрғын үйлердегі сияқты мұнда да өтінім түскен жағдайда газ қызметінің мамандары келіп, тексеру жүргізеді.